Аталған қорымға қазба жұмыстары 2022 жылы басталған болатын, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қытайлық археологтар қорымдағы №1 молаға және оған жапсарлас ор мен шұңқырларға қазба жұмыстарын жүргізіп, құрбандыққа шалынған жылқылардың сүйегін және ат әбзелдерін тапты. Бұл б.з.д. III ғасыр мен I ғасыр аралығына тән деп ұйғарылған ең үлкен, құрылымы жете анықталған және ең жақсы сақталған қорым саналады.
Солтүстік-батыс Қытай университеті Мәдени мұралар институтының доценті Си Тунюаньның сөзінше, кейбір жылқылар мола иесі үшін құрбандыққа шалынған болуы ықтимал.
– Шұңқырлардың көлемі – үлкен, құрылымы күрделі. Орта қатарда екі шұңқыр бар, оң жақтағы шұңқырға жылқышының денесі жерленген, ал сол жақтағы екі қабатты платформадан құрбандыққа шалынған 20 жылқының қаңқасы қазып алынды. Сондай-ақ, табылған алтын, темір, сүйек бұйымдардың саны аз емес, біздің ойымызша, бұл мола иесінің ат үстінде өткен өмірі мен тірідегі сән-салтанатының айғағы болу керек. Шығыс қатардағы екі шұңқырдан сәйкесінше 21 және 24 жылқының мүрдесі анықталды, бірақ ат әбзелдері өте аз, бұлар мола иесіне ас болсын деп шалынған құрбандықтар болуы ықтимал, – дейді археолог.
Құрбандыққа шалынған жылқының бәрі – 10 жастан асқан ат-айғырлар. Ондағы малдың түрі мен саны белгілі бір тәртіпке сай екені анық байқалған. Ақыреттік бұйымдардың дені ат әбзелдері болса, кей шұңқырға адам мен жылқы немесе түйе аралас көмілгені белгілі болып отыр.
Қорымға қазба жұмыстары 2022 жылы басталған еді.