"Арқа жайлы болса, арқар асып несі бар": Депутат солтүстікке көшетіндерге берілетін баспана сапасын сынға алды

664

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың сөзінше, соңғы жылдары оңтүстік аймақтан СҚО-ға көшіп келген 600 адам бұл өңірден қайта көшіп кеткен.  

"Арқа жайлы болса, арқар асып несі бар": Депутат солтүстікке көшетіндерге берілетін баспана сапасын сынға алды Фото: baq.kz

"Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері" ұлттық жобасын іске асыру аясында былтыр солтүстікке 7923 адам қоныс аударды. Олардың ішінде 1320 қандас болса, 6603-і – ішкі қоныс аударушылар, деп жазады inbusiness.kz.

"Биыл 8652 адамға квота бөлінген. 2021-2025 жылдарға бұл бағдарламаға 46,7 миллиард теңге бөлінсе де оң нәтижесін бермей отыр. Себебі көшіп барғандар көп ұзамай өз аймақтарына қайтадан көшіп жатыр. Ресми статистикаға сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысының өзінде-ақ миграция сальдосы теріс мәнге ие. Соңғы жылдары оңтүстік аймақтан көшіп келген 600 адам бұл облыстан қайта көшіп кеткен. Ал олардың саны жыл санап артуда. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Арқа жайлы болса, арқар асып несі бар... Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді", - деді Дәулет Мұқаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасарлары Роман Скляр және Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында.

Осыған байланысты Мәжіліс депутаты бірқатар ұсыныстарын айтты:

  • мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу немесе қоныс аударушылардың өздеріне үй салу мүмкіндігін қарастыру;
  • қоныс аударған ағайынға жат жердің тыныс-тіршілігіне үйренуге көмектесетін арнайы бейімдеу орталығын, сайтты, жедел желі телефонын іске қосу;
  • қоныс аударушыларды арнайы комиссия негізінде іріктеп, кәсіпке икемі бар, көпбалалы отбасыларға басымдық беру;
  • жұмыс беруге мүмкіндігі бар кәсіпкерлерді көшіруге ықпал ету немесе жас кәсіпкерлерді қызықтыратын арнайы өңірлік бағдарлама әзірлеу. Атап айтқанда, 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелер санын арттыру, субсидиялар, гранттарды ұлғайту.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу