Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарды дамытуға байланысты көптеген ірі жоба қолға алынғаны белгілі. Солардың бірі – Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолына алып шығатын Орталық батыс жолы.
Бұл автожолдың жобасы жасалуы мұң екен, эколог-мамандар оның киік көшуіне кері әсерін тигізетінін айтып, дабыл қақты. Ал егер киіктің "жағдайына" қарасақ, мына жақта Арқалық пен Торғай жолсыз қалайын деп тұр.
Мәселенің түйінін тарқатқан "QazAvtoJol" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов "Орталық батыс жолы" әлі басталмағанын, әзірше жобалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
"Бұл жол Нұр-Сұлтаннан Қорғалжын, Егіндікөл арқылы жалғасып, әрі қарай Арқалыққа, Арқалықтан Торғай арқылы Ырғызға өтеді. Жобаның экономикалық пайдасы өте көп. Әсіресе, Арқалық, Торғай өңірінің дамуына, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне игі әсері баршылық", – дейді ол.
Қазіргі таңда жолдың Арқалыққа дейінгі жобасы дайын көрінеді. Одан кейінгісі әзірше тиісті сараптамадан өте қоймапты, басты себебі – эколог-мамандардың ескертпесі. Өйткені жол салғанда олардың да пікірі ескерілуі керек.
Ал жергілікті экологтардың пікірінше, киіктер Қазақстанның оңтүстігінен Ырғыз, Торғай, Терісаққан өзендері мен Теңіз көліне қарай ауады. Сол себепті жаңа салынатын жол киіктердің осы көшу үдерісіне кері әсерін тигізіп, оның соңы аңдардың азаюына әкелуі мүмкін. Сондықтан экологтар жолды Арқалық, Торғай емес, Қостанай арқылы жүргізуді ұсынған.
"Әрине, "Батыс орталық жол" жобасын Қостанай арқылы жүргізсек те экономикалық жағынан ұтылмаймыз. Бірақ Арқалық, Торғай өңірі тағы жолсыз қалайын деп тұр. Дегенмен де біз әлі бір шешімге келген жоқпыз. Жобаны әлі де қарастырып, барлық ұсынысты ескеретін боламыз", - дейді Ұ.Әліпов.
Қымбат Нұрғали