Арқалыққа керқұландардың жаңа тобы жеткізілді

183

Жаңа керқұландар тобы Прага зообағы мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді.

Арқалыққа керқұландардың жаңа тобы жеткізілді Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Бұл – "Жабайы жылқылардың оралуы" жобасы аясындағы екінші халықаралық тасымал. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz  сайты.

2 маусым күні төрт жылқыдан тиелген екі әскери ұшақ Чехия мен Мажарстан елдерінен ұшып шықты. Жануарлар бір тәуліктей алыс жол асырды. 3 маусым күні таң ата екі ұшақ Арқалық әуежайына келіп қонып, жануарлар "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығына тағы 5 сағат жол жүрді. Олар осындағы кең қашаларда бір жыл мекендейді де, кейін жабайы табиғатқа жіберіледі. Орталықта жылқыларды жайғастыратын қажетті инфрақұрылым мен күтіп қарайтын мамандар бар.

"Қазақстандағы биоәралуандықты сақтау жұмысының жетекші органы ретінде табиғатымызды қалпына келтірудегі осындай маңызды кезеңді басқару – біз үшін асқан құрмет. Бір жылдық жұмыстың керемет нәтижесі – екінші топ керқұландар аман-есен келіп жетті, ал бірінші топ әбден көндігіп, "Алтын Дала" мемлекеттік резерватының инспекторларының қорғауымен жабайы табиғат тіршілігіне толық дайын", – дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.

Ал Прага зообағының директоры Мирослав Бобектің сөзінше, еуропалық зообақ пен асыл тұқымдыларды өсіретін орталықтардан келген бұл жылқылар жабайы табиғатта жергілікті популяция құруға негіз болады

"Осымен Прага зообағының Чехия әскерімен серіктестікте керқұландарды Орталық Еуропадан Қазақстанға екінші рет тасымалдауы. Еуропалық зообақтар мен асыл тұқымдыларды өсіретін орталықтардан келген бұл жылқылар жабайы табиғатта жергілікті популяция құруға негіз болады. Тіршілікке бейімді әрі генетикалық алуан түрлі популяция қалыптаспайынша, алдағы жылдары осы күрделі жобаны жалғастыруға барынша тырысамыз", – дейді Мирослав Бобек.

Керқұлан (Кертағы) – әлемдегі жабайы жылқылардың ақырғы түрі. Ол XX ғасырдың ортасына қарай жабайы табиғаттан құрып кетті. Содан бері оны қалпына келтіру бағдарламаларына зооюақтарда сақталған бүкіл керқұланның үлесі тиді. Қазақстанда жабайы жылқыларды қалпына келтіру жобасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен, АСБК-мен, Франкфурт зоология қоғамымен, Нюрнберг зообағымен, Берлин зообағы және Берлин жануарлар паркі бірлескен Tierpark Берлинмен, Hortobágy ұлттық паркімен серіктестікте 2024 жылы басталды. Жабайы жылқыларды Қазақстанға қайта жерсіндіру жұмысы бұдан бұрын жануарлардың Прага зообағынан Моңғолиядағы мекеніне сәтті қайтарылған тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асады.

Бірінші топ 7 керқұлан Қазақстанға 2024 жылғы маусымда келді. Орталықтың мамандары мен мал дәрігерлері жыл бойы жылқыларды бақылады. Жануарлар алғаш рет Торғай даласындағы -30 °C аязды қысын аман-есен қыстап шықты, үйренді, қажетті ветеринарлық тексерулерден өтті. Умбре мен Веспе деген екі биеге жануарларды босатқаннан кейін қозғалысын бақылайтын GPS-қарғыбауы тағылды. Босатылған жылқыларды қорғау және бақылау жұмысын мемлекеттік инспекторлар мен АСБК қызметкерлері орындайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу