Арқалық қаласының кәсіпкері Болат Әбдібеков өз иелігіндегі үш мешітті саудаға қойды, деп хабарлайды "Қостанайские новости" басылымына сілтеме жасап "ҚазАқпарат".
Басылымның жазуынша, "Құралай" құрылыс компаниясының иесі Әбдібеков жергілікті биліктің тапсырмасы бойынша 1992 жылдан 1999 жылдар аралығында үш мешіт салған.
Алайда, тапсырыс берушілер құрылыс компаниясына тиесілі қаражатты төлемеген. Көпке созылған сот отырыстарында дау тудырған. Ғимараттарды Әбдібековтың иелігіне көшіру шешімі қабылданды. Бірнеше жылдан кейін ол мешіттердің бірін, ал 2013 жылы екі мешітті сататынын хабарлаған.
Діни бағытта пайдалануға арналған үш ғимаратты да саудалағысы келетіні туралы енді белгілі болып отыр.
Қазір жылжымайтын мүліктерді сату бойынша онлайн-ресурстарда ұсынылған бағасы төмендегідей: Арқалықтағы мешіттің құны - 180 миллион теңге, Амантоғай кентіндегі мешіттің бағасы 50 миллион теңге, Торғай кентіндегі Алла үйінің бағасы 94 мың АҚШ доллары. Сатушы бағаны түсіруге дайын екенін айтты.