Арқалық қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ғимаратын реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобаның жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрады.
Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, жоба заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару аясында Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
Реконструкция нәтижесінде шамамен 2,5 мың студенттің білім алуына және профессор-оқытушылар құрамының жұмыс істеуіне заманауи жағдай жасалды. Сондай-ақ жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және білікті мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.
Биыл Қостанай облысында Арнаулы мемлекеттік қор есебінен алты әлеуметтік нысанның құрылысы мен реконструкциясы жоспарланған. Олардың қатарында Арқалық қаласындағы әуежай, аурухана, перзентхана және студенттер жатақханасы, Жітіқарадағы емхана, сондай-ақ Денисов ауданындағы Перелески ауылында дәрігерлік амбулатория бар.
Прокуратура әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысы тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.