Арқанмен түсті: Оралда терезеден секірмек болған қария құтқарылды

388

Оқиға Зачаган кентінде болды.

Арқанмен түсті: Оралда терезеден секірмек болған қария құтқарылды Фото: polisia.kz

Орал қаласында төртінші қабаттан секірмек болған 64 жастағы ер адамды полиция қызметкерлері құтқарып қалды.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 31 шілде күні шамамен сағат 16.30-17.00 аралығында Зачаган кентінде болды.

"БҚО ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері, полиция майоры Әлішер Ғайсин, полиция капитандары Сәндібек Мырзағалиев пен Дархан Ғалымов автокөлікпен өтіп бара жатып, көп қабатты үйлердің бірінде төртінші қабаттың терезесінен аяғы салбырап отырған ер адамды байқайды. Полицейлер дереу көлікті тоқтатып, ер адамды құтқаруға жүгіреді. Тәртіп сақшыларының бірі үйдің сыртында қалып, көңілін аулап, әлгі адамды әңгімеге тартады. Қалған екі қызметкер тез пәтерге көтеріледі, алайда есік іштен құлыптаулы болады. Содан олар жоғарғы қабаттағы көршілеріне барып, қолға іліккен құралдардың көмегімен төменге түсуге әрекет жасайды. Бірақ, қауіпсіздік үшін төменде жиналған адамдардан шынжыр арқан сұрастырады. Көлікті сүйреуге арналған шынжыр арқаны бар жас жігіт полицейлерге көмекке келеді. Ол басқаларға қарағанда, салмағы әлдеқайда жеңіл екенін айтып, өзін төменге түсіруді өтінеді. Сөйтіп, жігіт терезе алдында отырған қарияны аяғымен ішке қарай итеріп кіргізген. Ал, жігітті полиция қызметкерлері демеп, қарттың артынан ішке кіруіне жәрдемдескен. Осылайша, бәрі бір адамның өмірін өлім аузынан арашалап қалды. Артынан оқиға орнына басқа да полиция қызметкерлері мен құтқарушылар келіп жетеді. Қарияның өміріне еш қауіп жоқ екеніне көзі жеткен жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметтерін атқару үшін өз жұмыстарына аттанған", - деп хабарлады ведомстводан.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу