Арман Қошқаров Президенттің Алғыс хатымен марапатталды

285

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегеріне алғыс хат пен оның жаттықтырушысына қаржылай сертификат табысталды.    

Арман Қошқаров Президенттің Алғыс хатымен марапатталды Фото: Almaty_akimdigi telegram

Алматыда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері Арман Қошқаров пен оның жеке жаттықтырушысы Абдулкарим Қошқаровты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Салтанатты шарада Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым спортшы мен оның жаттықтырушысын халықаралық додадағы нәтижесімен құттықтап, ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

"Құрметті Арман Абдулкаримұлы! Сізді VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында құсбегіліктен күміс жүлде иеленуіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің және Алматы қаласының абыройын асқақтаттыңыз. Бұл – қажырлы еңбек пен жоғары шеберліктің нәтижесі.
Осы жетістікке қосқан үлесі үшін жаттықтырушыңыз Абдулкарим Құрманғалиұлына да ерекше алғысымды білдіремін.
Ұлттық спорт – халқымыздың төл мұрасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спортты дамытуға ерекше мән беріп келеді. Сіздердің жетістіктеріңіз ұлттық спортымыздың мәртебесін арттырып, оны халықаралық деңгейде дәріптеуге қосылған маңызды үлес.
Алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғап, жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін. Жеңістеріңіз құтты болсын!" – деді Нұрлан Әбдірахым.

Арман Қошқаровқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты және қаржылай сертификат табысталды. Спортшыны жарысқа дайындаған жеке жаттықтырушысы Абдулкарим Құрманғалиұлы Қошқаров та Алғыс хатпен және қаржылай сертификатпен марапатталды.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Арман Қошқаров құсбегіліктен сынға түсіп, бүркіт салу сайысында "Алғыр" атты бүркітімен күміс жүлдеге ие болды.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында өтті. Оған 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жарысты 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медальмен аяқтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу