Арман Шаққалиев сауда өсіміне ең көп үлес қосқан аймақтарды атады

133

 Жыл басынан бері сауда саласының нақты көлем индексі 108,8% пайыз болған.

Арман Шаққалиев сауда өсіміне ең көп үлес қосқан аймақтарды атады Фото: Үкімет

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев биылғы жылдың 9 айындағы сауда саласындағы негізгі көрсеткіштер туралы баяндады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Министрдің мәліметінше, номиналды түрде сауда көлемі 52,8 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5% жоғары деңгейінде қалыптасты.

"Өсім елдің барлық өңірлерінде байқалады. Сауда өсіміне  ең көп үлес қосқан өңірлер – Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстары. Аталған бес өңірдің үлесіне жалпы сауда көлемінің 71,3% немесе 37,6 трлн теңге тиесілі", – деді министр баяндамасында. 

Сала құрылымында көтерме сауда үлесі 66,4%  құрап отыр. Көтерме сауда көлемі 35 трлн теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанд  9,6% артты. Негізгі өсімге шикізаттық емес тұтыну тауарлары мен өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлар үлес қосты. Бұлардың үлесі шамамен 82% құрайды.

Бөлшек сауда да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бөлшек сауда саласының нақты көлем индексі 107,1%, ал айналым көлемі 17,5 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 трлн теңгеге артты.  Өсімге азық-түлікке жатпайтын 1,7 трлн теңге және азық-түлік тауарларының 900 млрд теңге сатылымы бірдей үлес қосты. 

Сауда кәсіпорындары арқылы сату 6,7% пайыз өскен. Жеке кәсіпкерлер арқылы сату, оның ішінде базарларда жұмыс істейтіндерді қосқанда,  8,1% пайыздан астам деңгейінде қалыптасып отыр. Өңірлер бойынша бөлшек сауда айналымы бойынша алғашқы үштікке Алматы (32,8%), Астана (14%) және Қарағанды облысы (7,3%) кірді.

Сонымен қатар, бөлшек сауда айналымының маңызды драйверлерінің бірі – электрондық сауда. Министр келтірген жедел бағалау деректеріне сәйкес, осы жылдың 9 айында онлайн-сатылым көлемі шамамен 2,7 трлн теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14% жоғары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу