Оның айтуынша, Армения қазіргі таңда ЕАЭО құрамынан шығуды қарастырмайды және бұл туралы айтылып жүрген мәлімдемелер негізсіз, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Армения дәл қазір ЕАЭО-дан шығуды жоспарлап отырған жоқ. Мен ЕАЭО-ның екі жоғары басқару органына бірдей мүше жалғыз шенеунікпін", – деді Пашинян сайлауалды кездесу барысында.
Сондай-ақ, Пашинян Арменияның бір ғана бағытқа немесе бір ғана одақтасқа тәуелді болмайтынына тоқталды.
Ал, Ресей вице-премьері Алексей Оверчук Армения ЕАЭО-дан шыққан жағдайда Мәскеу мен Ереван арасындағы газ және мұнай өнімдерін жеткізу шарттары қайта қаралуы мүмкін екенін ескертті. Оның сөзінше, егер Армения Еуропамен бірдей экономикалық модельді таңдаса, онда энергия бағасы еуропалық деңгейге жақындайды. Қазір Ресей Арменияға газды мың текше метріне 177,5 доллардан сатып отыр. Ал Еуропадағы нарықтық баға шамамен 600 доллар деңгейінде қалыптасқан. Мәскеу бұл жеңілдетілген тариф Армения ЕАЭО құрамында болған жағдайда ғана сақталатынын айтты.
Айта кетейік, бүгін Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді.