Армения Қарабақтағы бірқатар позицияның бақылауға алынғанын жариялады

921

 Ереван мен Баку соғыс жағдайын жариялады. 

Армения Қарабақтағы бірқатар позицияның бақылауға алынғанын жариялады

Таулы Қарабақ Республикасының қорғаныс әскері қақтығыс барысында бұған дейін Әзербайжан қарулы күштерінің бақылауында болған бірнеше позициясын қайтарып алды. Бұл туралы Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян хабарлады.

"Арцахтың қорғаныс әскерінің бөлімшесі бұған дейін жоғалтып алған позицияларын қайтарып алды", – деді ол. Оның айтуынша, әзербайжан әскерилері Таулы Қарабаққа бағытталған шабуылын зеңбірек пен от шашатын жүйелердің көмегімен таңда жалғастырған көрінеді. 

Бұған дейін Армения тарабы 27 қыркүйекте қақтығыс кезінде Таулы Қарабақ республикасының 31 жауынгері қаза болды деп мәлімдеген еді. 

Ресми Ереван осы орайда соғыс жағдайын енгізіп, резервке шығарылған әскерилерді жұмылдыру жұмыстарын бастап кетті. Баку да ел территориясында соғыс жағдайын жариялады.

Қос мемлекеттің Таулы Қарабақтың қай тарапқа тиесілі екені жайында ортақ келісімге келе алмай жүргеніне ондаған жыл болды. Шиеленіс 1988 жылдың ақпанында басталған еді. Яғни осы кезде Таулы Қарабақ автономды облысы Әзербайжан құрамынан шығатынын мәлім етті. 1992-1994 жылдары болған қақтығыста Баку Таулы Қарабақ пен оған жақын орналасқан жеті ауданнан айырылып қалған болатын.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу