Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі халықаралық әуе қатынастарының географиясын кеңейту және рейстер санын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осыған байланысты 12 маусымнан бастап Қазақстанның әуе тасымалы нарығына Арменияның FlyOne Armenia әуе компаниясы кірді.
Әуе тасымалдаушысы Ереван мен Алматы арасында аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындайды.
Жаңа бағыттың іске қосылуы нәтижесінде Қазақстан мен Армения арасындағы рейстер саны аптасына 3-тен 5 рейске дейін ұлғаяды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа әуе қатынасы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ туристік және мәдени алмасуды арттыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, тікелей рейстердің көбеюі жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап, Қазақстан мен Армения арасындағы әуе қатынасының қолжетімділігін арттыра түседі.