Мәскеуде V Халықаралық армия ойындарын ұйымдастыру мәселелері бойынша бірінші жоспарлы конференция өтті. Оған ҚР Қарулы Күштері бас штабы жауынгерлік дайындық департаментінің бастығы генерал-майора Алмас Жұмакеев бастаған әскери делегациясы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, "Патриот" паркінің конгресс-көрмелік орталығында өткен конференцияға Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иран, Үндістан, Қытай, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери ведомство делегациялары қатысты. Қатысушылар ойын жоспарын, конкурс кезеңдерін өткізудің тәртібін, ақпараттық және материалдық-техникалық мәселелерді, әскери және арнайы техникалармен әскери эшелондармен шекараны кесіп өту тәртібін, сондай-ақ ойындардағы төрешілер комиссиясы туралы ережені талқылады.
Еске салайық, 2018 жылы Халықаралық армия ойындары жеті елде - Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иран, Қытай және Ресейде өткен еді. 2019 жылы конкурстарды алғаш рет Үндістан, Моңғолия және Өзбекстан аумағында өткізу жоспарланып отыр.