Алматыда Армия орталық спорт клубының оқу-жаттығу орталығының базасында әскери қызметшілер арасында армиялық қоян-қолтық ұрыстан чемпионат өтті. Турнирге әскер түрлері мен тектерінен, өңірлік қолбасшылықтардан және жоғары әскери оқу орындарынан 20 команда қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
"Спорттық белсенділік физикалық күш пен денсаулықты ғана емес, табандылықты, табысқа жетуді, жоғары адамгершілік және рухани қасиеттерді қалыптастырады. Бүгін біз Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ІХ ашық чемпионатының шешуші жекпе-жегін өткіземіз. Осы чемпионат армиялық және жалпы қоян-қолтық ұрысты дамытуда ерекше маңызға ие. Оған 200-ге жуық әскери қызметші, оның ішінде, халықаралық дәрежедегі 10-нан астам спорт шебері, ондаған үміткер және қоян-қолтық ұрыстан бірінші дәреже иегерлері қатысады. Бұл чемпионат болашақта үлкен жарыстар қарсаңындағы жаттығу болып табылады. Осы жылы Санкт-Петерборда қоян-қолтық ұрыстан Қорғаныс министрінің кубогы үшін әлем чемпионаты өтеді. Баршаларыңызға тәжірибе жинақтай отырып, жеңіске жетулеріңізге тілектеспін" – деді шешуші жекпе-жектің салтанатты рәсімінде қорғаныс ведомствосының басшысы Нұрлан Ермекбаев.
Үш күн ішінде көрермендер кейбір жекпе-жектердің уақытынан бұрын жеңіспен аяқталып отырғанына қарамастан, жауынгерлердің дайындық сапасы мен жекпе-жектердің әсерліктеріне тәнті болды. Жарыс нәтижесіне сәйкес жеке сынақта: 60 кг дейінгі салмақта – сержант Арнат Нәметов ("Шығыс" өңірлік қолбасшылығы), 65 кг дейінгі салмақта – қатардағы жауынгер Думан Қабылқаев ("Шығыс" өңірлік қолбасшылығы), 70 кг дейінгі салмақта – аға лейтенант Вадим Федосеев ("Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы), 75 кг дейінгі салмақта – аға лейтенант Абылай Табанов ("Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы), 80 кг дейінгі салмақта – ефрейтор Әсет Қажымұқан (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 85 кг дейінгі салмақта – сержант Жанболат Рагчаұлы (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 85 кг жоғары салмақта – 5 курс курсанты Жәнібек Жұмабеков (Құрлық әскерлерінің Әскери институты) үздік болды.