Әлем чемпионатының қорытынды кезеңі ересектер мен ардагерлер, есту қабілеті төмен, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өтті. Жарыстың алғашқы күні жастар мен жасөспірімдер арасында ел құрамасы 32 алтын, 22 күміс, 19 қола жүлде иеленді. Нәтижесінде жалпы командалық есепте Ресей мен Грузияны басып озып бірінші орынға шықты.
Ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы бәсекеде де қазақстандық қол күрес шеберлері қарсыластарына дес бермеді. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында еліміз 8 алтын, 7 күміс, 11 қола жүлдені жеңіп алды. Ал, ардагерлер арасында отандастарымыз 3 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізді.
Жарыстың шешуші кезеңі ересектер арасында өтті. Спортшыларымыз ел қоржынына 8 алтын, 9 күміс, 11 қола медаль салып, ерлер құрамасы бірінші орынды иеленді.
54 мемлекеттен 1400 спортшы қатысқан байрақты бәсекеде ел намысын 146 спортшы қорғады. Оның 134-і елге жүлдемен оралды.
Армрестлингтен 41-ші әлем чемпионатының жалпы қорытындысы бойынша ел құрамасы 51 алтын, 40 күміс, 43 қола жүлдемен дүбірлі додада екінші орынға табан тіреді. Бірінші орынды Ресей Федерациясы иеленсе, үздік үштікті Грузия спортшылары қорытындылады.