ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және қарттарға арналған шағын сыйымдылықтағы үйлер мен күндізгі күтім бөлімшелері үшін жаңа стандарттарды әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған стандарттарды енгізу арнайы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсететін ұйымдардың қызмет тиімділігін олардың түрлерін нақты айқындау арқылы арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін мүгедектігі бар балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және қарттарға арналған шағын сыйымдылықтағы үйлер мен күндізгі күтім бөлімшелерінің қызметінде стационарлық және жартылай стационарлық жағдайларда АӘҚ көрсетуге арналған қолданыстағы стандарттар пайдаланылып келген.
Жеке, дербес стандарттарды қолдану АӘҚ көрсетуді оңтайландыруға, сондай-ақ қажет болған жағдайда ұйымдардың нақты бір түрінің жұмысына нысаналы өзгерістер енгізу арқылы олардың қызмет тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, аталған жаңашылдықтарды іске асыру өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік қолдау нысандарын кеңейтуге және барынша инклюзивті әрі қолжетімді әлеуметтік ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 263 "Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы" бұйрығына өзгерістер енгізу жобасы жөніндегі ақпарат 2026 жылғы 2 ақпанға дейін "Ашық НҚА" интернет-порталында қоғамдық талқылау үшін орналастырылған.