Арнайы экономикалық аймақтарға салынған қаражат ақталмады – М.Әшімбаев

510

Сенат төрағасы арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігіне күмән келтірді.

Арнайы экономикалық аймақтарға салынған қаражат ақталмады – М.Әшімбаев Фото: inbusiness.kz

Қыруар қаржы құйылған арнайы экономикалық аймақтар салған ақшаны ақтамай отыр. Соңғы жылдары 450 млрд теңге бөлініп, 360 млр-ды ғана салық арқылы ел қазынасына қайтарылыпты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бұл статистиканы мысалға келтірген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігіне күмән келтірді.

Аталған мәселе бұған дейін де бірнеше рет айтылған. Сенатта арнайы экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралған тұста қайта көтерілді.

"Басты көрсеткіштің бірі – АЭА аясында Қазақстанда шығарылмаған бірқатар жаңа тауарлардың болуы. Қазіргі сәтте шығарылған өнімнің сомасы 7 трлн теңгеден асады. Оның 450 млрд теңгесі экспортталған. Осы цифрға қарап, жалпы бүгінде АЭА салынған қаражатты ақтай бастады деуге болады", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов.  

Бұл бастамасы, одан кейін нәтиже болады деп баяндаған вице-министрдің жауабы Мәулен Әшімбаевқа ұнамады. Сенат төрағасының айтуынша, министрлік өкілдерінің "енді ғана жұмыс бастап жатырмыз" деп ақталуы орынсыз.  

"Сіз бәрі дұрыс деп жатсыз. Бірақ сіздер ұсынған ақпараттар мен бізге келген мәліметтер сәйкес келмей жатады. Ол енді онша жақсы нәрсе емес", - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.   

Өз ұстанымын Мәулен Әшімбаев осылай жұмсартып жеткізді. Бірақ кеткен қаржының қалай қайтарылатынын қай-қайсысы да ашып айтпады. Сенат төрағасы 15 маусымда Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалады, сол сәтте аталған мәселелер жан-жақты көтеріледі деп қорытындылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу