Көлік жүргізушілері төтенше жағдай орнына бара жатқан өрт сөндірушілерге жол бермейді, осыған байланысты жол-патрульдік полицейлері мақсатты түрде ереже бұзғандарды анықтап, оларды жауапқа тартуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жол-патрульдік полиция қызметкерлері рейд жасаған бір сағаттің ішінде арнайы техниканы өткізбеген үш көлікті тоқтатты. Оларға "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 598-бабы 1-тармағы бойынша айыппұл салынды.
"Көлік жүргізушілерінің арнайы техникаларға жол беруін және аулалардағы жолды бөгемеулерін сұраймыз. Өрт сөндірушілердің жылдам келуі - адам өмірімен байланысты жәйт. Сондықтан әрбір секунд маңызды", - деді ТЖ департаменті баспасөз қызметінің басшысы Қуаныш Мүтәллапов.
Заң бойынша өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен полицейлердің өз міндеттерін орындау кезінде бағдаршамның қызыл түсінен өтулеріне және жол белгілерін бұзуларына рұқсат етілген.