Арнаулы әлеуметтік төлемді алған қазақстандықтардың дені қай облыстарда тұрады?

208

Тиісті әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері – 208 мың теңге. 

Арнаулы әлеуметтік төлемді алған қазақстандықтардың дені қай облыстарда тұрады? Фото: inbusiness.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері қанша екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бірінші вице-министр 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қазақстандықтар арнаулы әлеуметтік төлем алатынын еске салды.

"Жыл басынан бері зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген 9145 азамат арнаулы әлеуметтік төлем алды. Төлемдердің жалпы сомасы 1,7 млрд теңгені құрады. Арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындауға жүгінгендердің ең көп саны Қарағанды облысында (1600-ден астам адам), Қостанай облысында, ШҚО, Павлодар облысында, Ақтөбе және Ақмола облысында. Арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгені құрайды", - деді ол.

Зиянды еңбек жағдайларында істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда және олар үшін жиынтығында кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде арнаулы әлеуметтік төлем алуға құқылы, деп атап өтті бірінші вице-министр.

Арнаулы әлеуметтік төлем 4 қаржыландыру көзінен жүзеге асырылады: арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы, зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемі, жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу