Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер бірінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты депутат Болат Керімбек таныстырды.
Заң жобасы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыруға, құқыққолдану қызметі барысында анықталған құқықтық олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Жалпы заң жобасы 3 кодекске және 11 заңға түзетулер енгізуді көздейді. Арнаулы мемлекеттік органдардың жедел бөлімшелеріне қызметке қабылдау кезінде жас шектеулерін алып тастау жөніндегі норма көзделген.
"Бүгінгі таңда қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда интернет-қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу жұмысы өте маңызды. Әр адамның жеке дерегінің, қаржысы мен күнделікті цифрлық өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті. Ал бұл қызметті тиімді атқару заманауи цифрлық құзырет пен аналитикалық дағдылары бар жоғары білікті кадрларсыз мүмкін емес. Сондықтан заң жобасында IT саласындағы талантты жастарды, қабілетті мамандарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тарту тетігі ұсынылады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, IT-мамандарды тартуда икемді тәсілдерді қолдану мемлекеттік институттардың инновацияларды тезірек енгізуіне, цифрлық дамудың тиімділігін арттыруына мүмкіндік береді", – деді депутат.
Екіншіден, заң жобасында ұлттық қауіпсіздік органдарының дағдарыстық жағдайлар туындағанда, төтенше және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай енгізілген кезде әрекет ету құзыретін нақтылау ұсынылады. Бұл түзету "Төтенше жағдай туралы" Заңға сәйкес келтіру мақсатында енгізіліп отырғаны айтылды.
"Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік құпияларды қорғау жағдайын күшейту көзделіп отыр. Осы мақсаттазаңда "мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейінің төмендеуін" ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіптердің бірі ретінде бекіту ұсынылды. Сонымен қатар, экстремистік және террористік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және таратуға заңнамалық тыйым салудан басқа, заң жобасы оларды сақтауға қосымша тыйым салуды енгізуді ұсынады.
Үшіншіден, заң жобасында әскери және арнаулы оқу орындарына түсуге арналған конкурсты өткізу кезінде үміткердің емтиханнан алған баллдары тең болған жағдайда жекелеген санаттағы адамдарға басымдық беру тәртібін айқындау ұсынылады. Мәселен, жетім балалар; мектепті "Алтын белгімен" бітірген түлектер және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары және т.б. "Білім туралы" және "Әскери қызмет туралы" заңдарда аталған мүмкіндіктер қарастырылған. Алайда, "Арнаулы мемлекеттік органдар туралы" заңында көзделмеген", – деді Болат Керімбек.
Төртіншіден, ілеспе заң жобасында құпия иеленушілерг еәкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде мемлекеттік құпияларды қорғау саласында белгіленген талаптарды қайталап бұзғаны үшін жауаптылықты күшейту көзделген. Сонымен қатар Мемлекеттік күзет қызметіне қызметі барысында орындалмаған нұсқамаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау құқығын беру ұсынылып отыр.
Құжатта бюджет қаражатын үнемдеуді және ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған нормалар да бар.
"Мәселен, ерлі-зайыптылардың екеуі де әскери немесе күштік құрылым саласы қызметші болса, онда қызмет бабында ауысқан кезде олардың тек біреуіне ғанаөз мүлкін тасымалдау шығындарын өтеу бойынша төлемдер жасау. Сондай-ақ, тағы бір түзету ретінде әскери және арнаулы оқу орнынан үлгерімінің төмендігіне байланысты оқудан шығарылған офицер-магистранттар мен докторанттардың көлікте жүру және өз мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді алып тастау ұсынылады", – деді мәжілісмен.