Ақынның қарындасы Рәзия Нұтышева Арон Атабектің жағдайы өткен аптаның соңында нашарлағанын айтады. Туыстары жедел жәрдем бригадасын шақыруға мәжбүр болған.
"Жағдайы онша емес. Ол тамақ жей алмайды. Ауруы асқынуда. Ол ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Бірақ үйде емдеу нәтиже бермеді – жағдайы нашарлады. Әдетте ол ештеңеге шағымданбайтын, бірақ өткен жұмада тыныс алуы қиындағанын айтты", – деді Нұтышева.
Оның айтуынша, Арон Атабекте коронавирустан өзге жанама аурулары көп. Солар да жағдайын қиындатып отыр.
21 қазанда Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері ҚазТАГ агенттігіне Арон Атабек коронавирустың ауыр түріне шалдыққанын айтқан. Басқарма өкілдері "науқас пен оның жақын туыстары келіссе, дәрігерлер консилиумын жинап, емдеу тактикасын анықтауға әзір" деген.
Арон Атабек жуықта денсаулығына байланысты түрмеден мерзімінен бұрын босатылған болатын.