"Арселор Миттал Теміртау" комбинатында болған оқыс оқиғаға қатысы бар 14 күдікті анықталды

595

Мемлекеттік комиссия 4 адамның өліміне қатысты тексеріс қорытындысын жариялады.

"Арселор Миттал Теміртау" комбинатында болған оқыс оқиғаға қатысы бар 14 күдікті анықталды

"Құрылысмет" ЖШС лауазымды тұлғалары мен бірқатар маманы өз ісіне салғырт қарауының салдарынан 4 адамның өмірін қиған оқыс оқиға орын алды.

Төтенше оқиғаны тексерген мемлекеттік комиссия осындай ұйғарымға келген.

Еске сала кетсек, 10 маусымда "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының мамандары "Құрылысмет" ЖШС аумағында ұста – пресс цехындағы іске қосылмаған термиялық пештің отқа төзімді материалдарын бұзу кезінде оның күмбезі құлап кеткен.Үйіндінің астында бес адам қалып қойып, оның төртеуі мерт болды. 

Осы оқиғаға қатысы бар 14 күдікті анықталды. Олар өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарамағандықтан, қайғылы оқиға орын алған. 

"Бұл пешті 8 маусымда бұза бастаған. 4 адамнан құралған бригада пешті бөлшектеу жұмысын жасаған, олар жұмыстың 50 пайызын орындаған. Ал 9 маусымда 75 пайыз жұмысты атқарған. 10 маусымда 25 пайыз жұмысты орындау қалған. 4 қатардағы кірпіштерді алу керек болған. 5-6 разрядты  санаттағы мамандар тапсырма алмастан жұмысқа кіріскен", – дейді Еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Ирина Любарская. 

Термиялық пешті бұзу барысында мамандардың қолында өндірістік жұмыстың жобасы,техникалық картасы мен құжаты, пештің сызбасы болмаған. Пештің сызбасы болмағандықтан жұмыскерлер бөлшектеу кезінде қай жерден бастау керектігін білмеген. Термиялық пеш авариялық жағдайда тұр, тіпті цехтың өзіне айтарлықтай нұқсан келген.

"Құрылысмет" ЖШС директоры Андрей Черномаз және оның әріптесі Игорь Смирнов тергеу изоляторларында қамауда. Андрей Черномаз "Арселор Миттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің бұрынғы директоры.

Айта кету керек "Құрылысмет" ЖШС "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының еншілес кәсіпорыны болып табылады. 

Енді күдіктілердің ісін тергеуден кейін сот қарайды.

Арайлым Еркебаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу