"АрселорМиттал Теміртау" АҚ қайтыс болған газ қызметкері Евгений Федоренконың отбасына жан-жақты қолдау көрсететінін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz "АрселорМиттал Теміртау" АҚ сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, компания жерлеу рәсімдеріне кеткен шығындарды толықтай жабады.
"Жақын арада марқұмның отбасына 10 жылдық жалақы көлемінде бір реттік жәрдемақы, ал ата-анасына қайтыс болған адамның жылдық жалақысын төлеу түрінде бөлек материалдық қолдау көрсетіледі. Компания марқұмның отбасына пәтер сатып әпереді. Отбасының әрбір мүшесі компанияның санаторийлері мен балалар сауықтыру лагерлеріне жолдама алады. Ал, 1 қыркүйек пен 1 маусым қарсаңында Е.И.Федоренконың балаларына марқұмның орташа жалақы көлемінде төлемдер беріледі. Компания балалардың жоғары оқу орындарында оқу ақшасын төлейді. Марқұмның отбасы мүшелеріне кәсіби әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіледі", - делінген компания таратқан ақпаратта.
Еске салайық, осыған дейін "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында газ қондырғысын реттейтін жұмысшы көз жұмғанын жазған болатынбыз.