"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысын тоқтатуы мүмкін

526

"Арселор Миттал Теміртау" компаниясының жұмысы тоқтауы мүмкін. Индустрия министрі қайта-қайта апат болған кәсіпорынның басшылығына қатысты қатал шешімдер қабылданайын деп жатқанын айтты.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысын тоқтатуы мүмкін

Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше, бұл мекеменің алдағы күндері Қазақстанда мүлдем жұмыс істемеуі де ғажап емес. Қазір Үкіметтегі 70 маманнан құрылған бірнеше комиссия кәсіпорында тексеріс жүргізіп жатыр. "Қорытындысы жуырда жарияланады", - деді министр. 

"Кім қандай салық төлесе де, төлемесе де,  қазақстандықтардың  жаны бізге ешқандай ақшаға да сатылмайды. ешқандай байлықпен салықпен есептемейміз. Сондықтан мен айтып отырмын ғой, адам кету мәселесі жөнінде өте қатал шешімдер қабылданайын деп отыр", деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Қарағанды облысы апаттан көз ашпай жатқанда, аймақ басшысы заттарын жинап, Астанаға кетіп қалды.

Арселорды тәубесіне келтіре алмаған Жеңіс Қасымбек енді Елорда тізгінінде. Ал оның кеншілер өңіріндегі креслосына Ермағанбет Бөлекбаев отырды. Осылайша, әкімдерді қайта тағайындау науқаны тәмам. 17 облыс пен 3 ірі қала атқамінерлерінің бәрі орнын тапты. 

Астанамен қош айтысқан Көлгіновты Жеңіс Қасымбек алмастырды. Оның кандидатурасын 28 мәслихат депутатының 21-і қолдаған. Бұған дейін Қарағанды облысының әкімі болған Қасымбектің саяси бекграунды жұпыны емес. 

Кезінде индустрия министрі, вице-премьер болған. Енді ЛРТ-дан бастап Талдыкөлге дейінгі елорданың барлық проблемасы оның бас ауруына айналмақ. Ал Қасымбектің Қарағанды облысындағы креслосына Ермағанбет Бөлекпаев отырды. Су жаңа облыс әкімі бұған дейін кеншілер қаласын басқарған.

"Тоқаевқа алғысымды айтқым келеді. Үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс екенін түсінемін, білемін. Сол себепті бар білімімді, тәжірибемді салып, осы облыс игілігіне жұмыс жасайтынымды айтқым келеді", деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Сайлаудан кейін облыс және ірі қалалардың әкімдерін қайта тағайындау 1 желтоқсанда басталған еді. Бүгін сегізі. Яғни, 20 әкімді орындарына жайғастыру үшін Тоқаев 1 апта жұмсады. 20 әкімнің 14-і жайлы креслоларын сақтап қалды. Небәрі 6 өңірге жаңа басшы келді. Оның өзінде не ескі әкімдер орын ауыстырды, не олардың орнын орынбасарлары басты. Қысқасы, өзгерістер шамалы. Қанша дегенмен, атқамінерлер іске кірісіп кеткен сияқты. Бүгін жаңадан тағайындалғандардың бір тобы Ақордаға келіп, Президентке кіріп, батасын алып шықты. 

Тоқаев дүйсенбіде үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді

Осылайша, әкімдердің мәселесіне нүкте қойылды десек болады, ендігі мәселе  Үкімет. Сайлау күні Тоқаев министрлер кабинетін отставкаға жібермейтінін айтқан. Алайда, кадрлық өзгерістер болады деп қалды. Ол өзгерістер ертең жариялануы мүмкін, өйткені желтоқсанның 12-сі, яғни алдағы дүйсенбі күні Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу