"АрселорМиттал Теміртаудың" орнына келетін адам 3 млрд доллар ақша салуы тиіс

562

​Үкімет "АрселорМиттал Теміртаудағы" болған қайғылы жағдай үшін жауапкершілікті сезініп отыр.

"АрселорМиттал Теміртаудың" орнына келетін адам 3 млрд доллар ақша салуы тиіс Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжіліс кулуарында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Бұл компания 1996 жылы инвесторға берілген болатын. Ол кезде басқа ахуал болды. Экономикамыз құлдырап, көптеген өндірістік байланыстар үзіліп, үлкен берешектер болды. Басты мақсат ірі компанияның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау, берешектерді толығымен өтеу, жалақыны толығымен төлеу еді. Сондықтан кезінде осындай шешім қабылданды. Оның дұрыс-бұрысын тарихтың өзі көрсетіп отыр", - деді Әлихан Смайылов Мәжіліс залында.

Бұдан бөлек ол "Компанияда бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі болды ма?" деген сұраққа жауап берді. 

"Заңды рәсімдерді жүргізу кезінде "АрселорМиттал Теміртау" тарапынан тиісті құжаттарды алдық. 100 пайыз иесі "АрселорМиттал Теміртаудың" өзі. Басқа қосымша иелері жоқ", - деп нақтылады Үкімет басшысы. 

Премьер-Министр бұл компанияға келетін отандық инвесторға қойылатын талаптарға да тоқталды. 

"Оны да жақын арада білетін боласыздар. Негізгі талап инвестор жақын арада, яғни үш жылдың ішінде кем дегенде 3 млрд доллар инвестиция салу керек. Бірінші кезекте өндірістік қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз ету, соның зауыттағы барлық жабдықтауды жаңғырту, өндірісті кеңейту, әлеуметтік жағдайды сақтау, жалақыны толығымен төлеу керек. Оның кем дегенде 1,3 млрд долларын бірден салу керек. Бұл өте маңызды талап", - деп жауап берді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр "АрселорМиттал Теміртаудағы" болған қайғылы жағдайда жауапкершілікті сезініп отырғандарын жеткізді. 

"АрселорМиттал Теміртаудың" қазіргі жағдайы, кеншілердің қазасы, инвестордың өзінің міндеттемелерін орындамауы, әрине, біздің де жауапкершілігіміз. Зардап шеккендердің, қаза тапқан кеншілердің отбасыларынан кешірім сұраймыз және өзіміздің де жауапкершілігімізді де сезінеміз", - деді ол.

Айта кету керек, "АрселорМиттал Теміртау" мемлекетке қайтарылатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу