ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов "АрселорМиттал Теміртаудың" цехтарының бірінде орын алған жазатайым оқиғаны тергеуге тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.
"Қазіргі таңда Мемлекет басшысы мен Үкімет алға қойған міндеттердің біріне өндірісті жаңғырту жатады. Біз "АрселорМиттал Теміртаудың" жабдықты жаңғырту үшін қаражат бөлмейтінін айтып келдік. Міне, биыл олар жаңартуды бастады. Апат орын алған цех бірнеше жыл бойы жұмыс істемеді. Басқа өндірістерді модернизациялау үшін оларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бүгінде жұмыс істемейтін басқа цехтарды іске қосу қажет болды. Осыған байланысты бұл жұмыстар бұрын тексерулер болмаған цехта жүргізілген. Бірақ бұл жұмыс берушінің жауапкершілігін алып тастамайды. Себебі жұмысты бастамас бұрын жұмыс беруші жұмысшылар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруы тиіс. Бүгінгі таңда бұл жазатайым оқиғаға қатысы бар 5 қызметкерге қатысты сот процесі жүріп жатыр", - деді комитет төрағасы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша "АрселорМиттал Теміртауда" тексерулер жыл сайын жүргізіледі.
"Бүгінде тексерулердің профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер деген түрлері бар. Бұл кәсіпорын қауіптілігі жоғары объектіге жататындықтан, онда тексерулер жыл сайын жүргізіледі", – деді спикер.