АрселорМитталды кім алуы мүмкін?

432

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен ArcelorMittal Temirtau компаниясы серіктестеріне үндеу жариялады.

АрселорМитталды кім алуы мүмкін? Фото: arcelormittal.kz

Онда мекеменің клиенттері, мердігерлері мен жеткізушілерінің барлық құқықтары мен міндеттемелері сақталатыны айтылған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Кәсіпкерлерге алаңдаудың қажеті жоқ. Ал қараша халықты жаңа инвестордың жайы мазалайды. Аты шулы Арселор Митталды кім сатып алуы мүмкін? Оған қандай талаптар қойылуы тиіс? Бастысы, шахтаға қорықпай түсу үшін не істеу керек?

Әзірге Митталдың бұрынғы мүлкін отандық инвестор алатыны белгілі. Ол бірден 1 млрд доллардан астам қаражат құюға міндетті. Бұл сома өндіріс пен қатар Теміртау қаласының әлеуметтік саласына да бағытталады. Сондай-ақ, осы мақсатқа алдағы 3-5 жылда тағы 3 млрд доллар бөлуі тиіс.

"Бұл қаражаттың бәрі біраздан бері құйылмай қалған инвестиция. Неге ол соманы қазіргі инвестор төлемейді? Үкімет бұған дейін неге Арселорға бар жабдықты уақытылы ауыстыру, дер кезінде жөндеу туралы талап қоймаған? Ал келетін жаңа инвестор ескірген кәсіпорынға қаржы құюға дайын ба? Ондағы болуы мүмкін апаттарға ешкімнің жауап бергісі келмейді деп ойлаймын", - дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

 Министрлік мен ArcelorMittal Temirtau бірлескен мәлімдемесінде меншікті Үкіметке беру жөніндегі келіссөздер бірнеше ай жүргені айтылған. Хабарламаға сенсек, тараптар жақында болат және тау-кен операциялары қызметінің болашағына қатысты алдын ала келісімге келді. Соған сәйкес, мүдделі тараптарға қолайсыздықтар туғызбау үшін барлық күш-жігер жұмсалады делінген хабарламда.

"ArcelorMittal Temirtau-мен онымен байланысты кәсіпорындардың барлық құқықтар мен міндеттемелері сақталады. Қазақстан Республикасының Үкіметі және АМТ бизнестің толық жалғасуын қамтамасыз етеді. Тапсырысты брондау, келісім-шарт жасау, жөнелту, шот-фактура жасау және жеткізушілермен келісім-шарт жасауды қоса алғанда, AMT бизнес-процестері әдеттегідей тәртіпте жұмыс істейді, деп сеніммен айта аламыз. AMT өз клиенттері үшін сенімді серіктес болып табылады және де болашақта соған тырысады", - делінген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен ArcelorMittal Теміртау бірлескен мәлімдемесінде.

Иә, Үкіметке өндірістің тоқтамағаны керек. Сондықтан жаңа инвесторды тезірек тауып, жұмысты жолға қоюға мүдделі. Бірақ, сарапшылар мұндай күрделі шешімді асығыс қабылдауға болмайды дейді.

"Алдымен кім кінәлі екенін анықтау керек. Ол жауапқа тартылып, активтер бағаланған соң барып жаңа инвестор іздеу керек. Өйткені, қазіргі инвесторға тез-тез бәрін мемлекетке тапсырып құтылған тиімді. Соның салдарынан кейін Ұлттық қордан тағы миллиардтаған қаржыны бұл кәсіпорынға беруге мәжбүр болуымыз мүмкін. Қазіргі жағдайда бізге мұндай қосымша шығындар керек емес", - дейді қаржы сарапшысы Р.Рысмамбетов.

Сарапшының айтуынша, қазір Қазақстанда АрселорМитталды алуға лайық инвестор жоқ. Ірі кәсіпкерлердің бағыты басқа. Ал, сала мамандарында ондай капитал жоқ. Сондықтан шетелдік ұйымдардың қаржысын тартқан тиімді деген пікірде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу