Ғарыш кемесі "Орион" Жерден шамамен 252 752 миль (шамамен 407 мың шақырым) қашықтыққа дейін жетіп, 1970 жылы "Аполлон-13" миссиясы орнатқан рекордты жаңартты. Бұл көрсеткіш бұрынғы нәтижеден шамамен 4 102 мильге артық, деп жазады inbusiness.kz сайты.
6 сәуір күні "Орион" Айдың тартылыс өрісіне сәтті еніп, миссия аясында экипаж Айды айнала ұшуды жалғастыруда. Бір тәулік ішінде астронавтар Айдың арғы бетіне жақындап, Жер мен Айды бір мезетте көру мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ олар ғарыштан Күннің тұтылуын бақылауы мүмкін.
Миссия барысында жаңа үлгідегі скафандрлар да сыналады. Олар астронавтарға автономды жағдайда 6 күнге дейін тіршілік етуге мүмкіндік береді.
"Артемида II" – 1972 жылдан бері Айға бағытталған алғашқы пилотты миссия. Кемеде АҚШ астронавтары Рид Уайсмен, Виктор Гловер, Кристина Кук және Канада ғарыш агенттігінің өкілі Джереми Хансен бар.
Жоспар бойынша, миссия шамамен 10 күнге созылып, "Орион" Айды айналып өткеннен кейін Жерге қайта оралады.