"Атқарылып жатқан жұмыс пен әділетті Қазақстанды құру аясында журналистерді қорғау ерекше маңызды болып тұр. Осы орайда Жоғары комиссарға қазіргі кезде кейбір қылмыстық істер бойынша тергеу жүріп жатқанын айттым. Бұл тұрғыда журналистердің, блогерлердің және басқа да адамдарды қорғау бойынша мәселе көтерілген болатын. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық бұл деректерге қатысты тергеу амалдарын назарда ұстап отыр. Аталған фактілер бойынша кінәлі адамдар тиісті жазасын алады деп санаймыз", - деді А. Ластаев Астанада БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Фолькер Тюркпен кездескеннен кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл ретте ол заңсыз әрекеттерге тап болған кез келген азамат кінәлілер тиісті жазасын алатынына сенімді болуы керек екенін айтты.
"Кейінгі кезде қозғалған қылмыстық істерге тоқталсақ, еліміздің құқық қорғау органдары өздерінің жоғары кәсіби деңгейін көрсетті. Олар бұл қылмыстарды жасады деген күдіктілерді, сонымен бірге оны ұйымдастырғандарды да, нақты тапсырыс берушілерді де анықтады. Тергеу амалдары жан-жақты, объективті жүргізіліп, кінәлілер тиісті жазасын алады деп сенеміз", - деді Артур Ластаев.
Оның айтуынша, Адам құқығы жөніндегі жоғары комиссар ҚР Президенті жариялаған әділетті Қазақстанды құру бағытындағы конституциялық реформаларға қатысты оң пікірін білдірді.
"Бұл тұрғыда ол журналистерге қатысты жасалған заңсыз әрекеттердің жолын кесу қадамдарына оң баға берді. Жоғары комиссар қазіргі кезде ішкі істер органдарының қарауындағы қылмыстық істер әділ тергелетініне сенім білдірді", - деді Ластаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топтың жолын кесті.
Бұған дейін журналистер мен блогерлерге қатысты қылмыс жасады деген 18 адам ұсталғаны белгілі болды.