Мәжіліс депутаты Дания Еспаева қосылған құн салығы мөлшерлемесін өзгерту мәселесінде артық салық қысымына жол бермеу керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат өткен айда Үкімет Мемлекет басшысына салық-бюджет жүйесіне қатысты шаралар кешенін ұсынғанын еске салды.
"Оның ішінде қосылған құн салығының мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеру және ол бойынша міндетті есепке қою шегін төмендету туралы ұсыныс жасалды. Бұл бастамалар бизнес өкілдері, сарапшылар, азаматтық қоғам арасында үлкен резонанс пен қызу пікірталас тудырды. Президентіміз кәсіпкерлердің алаңдаушылығына назар аударып, 7 ақпанда Үкіметке ҚҚС мөлшерлемесі бойынша түпкілікті шешім қабылдауды тапсырды. Оның білікті мамандардың, бизнес өкілдерінің және Парламент депутаттарының пікірлерін ескере отырып, нақты есептеулер негізінде ғана қолға алуды атап өтті", – деді ол.
Сөзінше, бұл мәселеде барынша оңтайлы шешім табу қажет.
"Бір жағынан артық салық қысымына жол бермей, кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай жасауды, екінші жағынан салық жүйесінің ашық болуы және бюджет кірісін арттыруды қамтамасыз ету керек. Қоғамдық талқылау аясында 20 ақпанда Үкімет Мәжіліске Салық кодексінің жобасы бойынша жаңа бастамаларын енгізді. Қазірдің өзінде депутаттық корпус ұсыныстарды зерделеп, ықтимал салдарын талдап, негізгі мәселелерге әртүрлі көзқарастарды қарастыруда", – деді Дания Еспаева.
Былтыр қыркүйек айында Салық кодексінің жобасы ұсынылған. Содан бері депутаттардан 500-ден астам ұсыныс түсті.
Мәжіліс депутаты олардың барлығы арнайы құрылған жұмыс тобының отырысында мұқият талқыланып жатқанын жеткізді.