Аружан Сайын Аягөз интернаты мәселесін көтерді

1000

Мекеме қарауындағы балалардың ата-аналары Аружан Сайын мен Даниал Ахметовке үндеу жолдады.

Аружан Сайын Аягөз интернаты мәселесін көтерді

"Аягөз балалар арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" мемлекеттік мекемесі қарауындағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары Аружан Сайын мен облыс әкімі Даниал Ахметовке үндеу жолдап, мемлекеттік мекеме қабырғасында балалары аяусыз жазаланатынын, материалдық тұрғыдан жабдықталуы көңіл көншітпейтінін, балалар денсаулығына жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейтінін, ата-аналар балаларының қалай тамақтандыратынын біле алмайтынын және басқа да көптеген мәселені көтерді. 

Бұл үндеуді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, тікелей эфирде үндеуге қатысты көзқарасын білдірді.

"Бұндай мекемелерге ата-аналар арнайы қажеттілігі бар баларына үйде жақсы күтім көрсетуге мүмкіндігі болмағаннан кейін, медициналық, педагогикалық, әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуі үшін еріксіз береді. Бірақ осындай мекемелер қызметін қалай жүзеге асырып жатыр? Барлық мемлекеттік және халықаралық нормаларға сай ма?", – деген сұрақ қоя отырып, балалар құқығын қорғаушы Аягөз интернатындағы жағдайға тоқталды. 

Аружан Сайынның айтуынша, Аягөз интернатынан шағымдар 2019 жылы түскен. Құқық қорғаушылар тиісті органдарға жүгінгеннен кейін тексерістер жүргізілген. 

"Менің ойымша тексерістер немқұрайлы жүргізілген. Егер интернаттағы жағдайға уақытылы көңіл бөлгенде, мүмкін сәуір айында төрт бала көз жұмған қайғылы оқиға болмас па еді? Бір айда бір жерде төрт бірдей баланың өмірден озуы кездейсоқ жағдай дегенге сене алмаймын. Кеше ғана денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова медициналық қорытындыны жариялады. Қорытындыға сүйенсек, балар ауруханаға кеш жеткізілген. Яғни интернатта балалардың жағдайы ауыр екеніне жіті мән берілмеген. Неге олар ауруханаға уақытылы жеткізілмеді? Құқық қорғау органдары мәселенің ақ-қарасын анықтап жатыр", – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл. 

Сонымен қатар, мекеме басшылығы карантин кезінде 179 қызметкерінің 45-ін ғана қалтырып, басқаларын демалысқа жіберген әрекетіне қоғам белсендісі таңданысын жасыра алмады. Осы 45 адамға үлкен жүктеме артылып, 105 балаға қажетті медициналық-педагогтық-әлеуметтік қызметтер көрсетуіне тура келген. 

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу