Арыс оқиғасы тыйым салынған аймақтардағы кемшіліктерді көрсетті – сенат депутаты

762

Қарулы күштердің арсеналдары мен базаларының қауіпсіздігіне қатысты құжат қабылданды. 

Арыс оқиғасы тыйым салынған аймақтардағы кемшіліктерді көрсетті – сенат депутаты

Сенаттың екі оқылымында қаралған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды.

"Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде орын алатын табиғи құбылыстар мен техногендік апаттардан азаматтарды қорғау мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін жақсы білесіздер. Құжатты дайындауға бастамашы болған парламент депутаттары жұмыс барысында оқ-дәрілерді сақтау мен арсенал базалары және қару қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен  аудандарды белгілеу ісінде қордаланған мәселелер бар екенін жеткізді. Өздеріңіз білетіндей, Арыс оқиғасы тыйым салынған аймақтардағы кемшіліктерді көрсетті", – деді сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.

Халық қалаулысының сөзінше, мәселені шешу үшін Жер кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы күштері туралы", "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңдарға түзету енгізілген. Түзетулер қару-жарақ, әскери техника және оқ-дәрі арсеналы, базалар мен қоймаларға тиесілі мемлекеттік органдар тыйым салған аймақ пен тыйым салынған аудан аумағының белгіленген шекараларын міндетті түрде жергілікті атқарушы органдардың араласуымен белгілеу тетігін кешенді шешуге мүмкіндік берген. 

"Заң жобасы оқ-дәрілерді сақтау кезінде төтенше жағдай тууы ықтимал болған жағдайда тұрғындарды, азаматтық және басқа да инфрақұрылымды қорғауды қамтамасыз етеді", – деді сенатор.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу