Арыс өзенінде судың деңгейі көтеріліп, арнасынан тасыды. Салдарынан қызыл су Отырар ауданы аумағында телегей теңіз болып жайылды. Себебі Сырдария суының көп болуынан Арыс өзенінің суын қабылдай алмай отыр. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы мәлімдеді.
Қазір облыстық маңызы бар "Шәуілдір-Көксарай" бағытындағы жолдың үстінен аққан су 15-20 см дейін көтерілген. Жол жиегіндегі жергілікті халықтың қолдан жасаған бөгеттерін де шайып өткен. Бірақ ТЖД қызметкерлері көлік қатынасы үзілген жоқ деп отыр.
Ал Шәмші Қалдаяқов пен Ақтам ауылдарын жалғайтын көпір су астында қалып, көліктер өте алмай қалған. Мұны жергілікті тұрғындар ұялы телефонына түсіріп, watsapp желісі арқылы таратқан. Шағын ауылдың балалары көрші ауылға қатынай алмай, балабақшада оқып жатыр. Бәрінен де осы маңдағы мал ұстайтын шаруаларға қиын соқты. Себебі жайылымдар да су астында қалған. Дегенмен облыстық төтенше жағдай департаментінің басшылығы "жағдай қалыпты, бақылап отырмыз" дейді.
"Арыс өзеніндегі судың деңгейі көтерілгеніне 10 күн болды. Бұған дейін Боралдай өзенінен көп мөлшерде келген су Арыс өзені арқылы барып, Отырар ауданында жайылып жатыр. Әрі қарай ақпай жатыр, себебі Сырдариядан секундына 1110 текше метр жылдамдықпен су ағып, арнасы толып тұр. Сол жерге су жиналып жатыр. Ертең су азайғанда бұл су ағып кетеді. Жыл сайын осындай жағдай болады. Дегенмен елдімекендерге қауіп жоқ. Су деңгейі кешелі бері кей жерде 30 сантиметрге дейін түсті. Ал суды егіндікке шаруалардың өздері жіберген. Су азайғанда жол арқылы келесі егіндікке жібереді. Бұл су қазір ағып кетеді деп айта алмаймын. Әлі 10 күндей жатады", – дейді облыстық ТЖД басшысы Нұрболат Дербісов.
Қызыл судың бір бөлігі Шошқакөл аумағына құйылса, Сарыкөл ауылының айналасын басқан су Сырдарияға жіберіледі. Аудан әкімдігі мен төтенше жағдай қызметі, полиция қызметкерлері жұмылып, сақтық шараларын қолға алыпты. Шәмші Қалдаяқов пен Ақтам ауылдарын жалғайтын көпіріндегі су бір-екі күнде төмендеп, көлік қозғалысы реттеледі дегенді айтады.