Жан түршігерлік көлік апаты Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы "Арыс-Шымкент" трассасында орын алған. Белгілі болғаны жол бойында кетіп бара жатқан екі жеңіл көлік, яғни "ВАЗ" бен "Мазда" маркалы қос тұлпар соқтығысқан. Екі көліктің ішінде жүргізушілерімен қосқанда 8 адам болған. Оның бесеуі оқиға орнында қаза тапса, біреуі жедел жәрдем көлігімен Ордабасы аудандық орталық ауруханаға барар жолда көз жұмған. Аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Мырзагелдиев келіп түскен 1968 және 1980 жылғы екі науқастың жағдайы ауыр деп отыр.
"Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен үш науқас біздің ауруханаға әкелінді. Бірақ оның бірі жолда жан тапсырған. Жан сақтау бөліміне түскен науқастардың біріне жедел түрде ота жасалды. Оны тексеру барысында ішіне қан құйылып, бауырының жыртылғаны, көк бауырының үзілгені анықталды. Екінші науқастың да жағдайы ауыр. Бас миы жарақаттанған, қабырғалары сынған. Санавицаия көмегімен облыстық емдеу мекемелерінен травматолог, нейрохирург, хирург мамандары шақыртылып, консультация алынды. Қазіргі таңда екеуіне де тиісті ем-дом жасалуда", – деді Ордабасы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.
Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова жол-көлік апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Көлік апатына байланысты обылстық Полиция департаментінің анықтаушылары ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігімен іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды, оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады", –деді департамент өкілі.
Жансая Тәуекелқызы