Арыста 350-ге жуық үй жөндеуден өтті

1118

Арыс қаласында жарылыстардың салдарынан бұзылып, қайта салынатын үйлердің саны артып келеді.

Арыста 350-ге жуық үй жөндеуден өтті

Бұған дейін жергілікті билік 8 мыңнан астам үй жөнделеді десе, 27 үй қайта салынады деп ақпар таратқан еді. Мұнан кейін жөндеуге келмейтін баспаналардың саны 50-ге жеткен. Енді міне, 149 үй қайта тұрғызылатын болды. Бұл сандар әлі де өзгеруі мүмкін екен. Сонымен қатар, бүгінге дейін 340 үйдің құрылыс жұмысы толық аяқталып, иелеріне тапсырылған.

"Арыста 2194 үйді қалыпқа келтіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Қалған 4500-ден астам баспананың жұмыстары осы аптада басталады. Жалпы бұл жұмыстарға 168 мердігер компания құрамында 3531 құрылысшы тартылған. Барлық секторларды күн сайын аралап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап жүрміз", – дейді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев.

Сондай-ақ, Арыстағы зақымданған 66 әлеуметтік нысанның 62-інде "Самұрық-Қазына" қоры жөндеу жұмыстарын бастаған. Олардың  54-ін білім ғимараттары құрайды. Бұлар да жаңа оқу жылына толық аяқталуға тиіс. Сонымен бірге, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы зардап шеккен 456 кәсіпкерлік нысанды қалпына келтіру шараларына кірісіп кетіпті.

Түркістан облысының әкімі  Өмірзақ Шөкеев құрылысты жоспардан кешеуілдетіп жатқан бірнеше секторға жауапты басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Атап айтсақ, Қостанай, Ақмола, СҚО және Ақтөбе облыстарының өкілдеріне жоспардан қалмау керектігін ескертті. Сондай-ақ Арыс қаласының зиялы қауымы мен белсенді азаматтарын, жергілікті атқарушы орган мен депутаттарын, ақсақалдарын да белсенді болуға шақырды.

"Жалпы Арыста жұмыс жоғары деңгейде атқарылып жатыр. Тұрғындар үйлеріне оралғаннан бері 10 күн ішінде барлық шаруаларды бір жүйеге келтіріп алдық. Өзге өңірлерден келген құрылысшыларға 40 градус ыстықта жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан оларға жергілікті тұрғындар да қолдау көрсетіп, қаланы көркейтуге атсалыссын", – деді өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу