Арыста қару жарылып, өрт шықты

1110

Қорғаныс министрлігі болған оқиға жергілікті тұрғындарға еш қауіп төндірмегенін хабарлады.

Арыста қару жарылып, өрт шықты

Түркістан облысының Арыс қаласындағы арсеналға жақын жердегі снаряд қалдықтарын жинау жұмысы кезінде жекелеген қару жарылып, артынша өрт шықты. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды қорғаныс министрлігі.         

"Арсеналға жақын аумақта (тыйым салынған аумақ) инженерлік-сапер бөлімшелері қару-жарақ қалдықтарын жинау кезінде жекелеген қару-жарақ жарылып, өрт тұтанған. Өрт шыққан жер әскери өрт сөндірушілердің күшімен оқшауландырылды. Қайтыс болғандар мен зардап шегушілер жоқ", – деп жазылған қорғаныс министрлігінің хабарламасында. 

Ведомство болған оқиға  жергілікті тұрғындарға еш қауіп төндірмегенін айтты. 

"Қорғаныс министрлігі инженерлік-сапер бөлімшелерімен жасалып жатқан жұмыс аяқталғанға дейін арсенал аумағына жақындауға және кіруге тыйым салынатыны туралы ескертеді", – деп жазылған хабарламада.  

Қазіргі уақытта инженерлік-сапер бөлімшелері қару-жарақ қалдықтарын жинап жатыр, жартысы арсенал аумағында жойылуда, ал қалғанын Арыстан солтүстікке қарай 60 шақырым жерде орналасқан арнайы жабдықталған "Қазарсенал" полигонына тасылып жатыр. 

Еске салар болсақ,  24 маусым күні  Арыс қаласындағы N44856 әскери бөлімшеде өрті шығып, қару-жарақ жарылысы орын алған. Өңірде төтенше жағдай жарияланып, Арыс халқы эвакуацияланған болатын.        
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу