Арыста жарылғыш заттарды жою бойынша жұмыстар көктемде қайта жалғасатын болады

1230

Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов басшылық еткен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы Арыс және Шымкент гарнизондарына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Арыста жарылғыш заттарды жою бойынша жұмыстар көктемде қайта жалғасатын болады

Сапар барысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау шараларына басты назар аударылды. Бұл "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасын жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі. Сонымен бірге құрамында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Талғат Қойбақов, оқ-дәрілер бас басқармасының бастығы полковник Андрей Тихоненко бар қорғаныс ведомствосының комиссиясы Арыс гарнизонын айналып ұшып өтті. 

Оқ-дәрілерді сақтау шарттары, сондай-ақ арсеналдың техникалық аумағын тазарту және жарылғыш заттарды жою бойынша жұмыстарды жалғастыруға дайындық шаралары тексерілді. Инженерлік-саперлік бөлімше техникалық аумақтың 463 гектарына тазарту жұмыстарын жүргізді, бұл жалпы аумақтың 87%-дан астамын құрайды. Аталған жұмыстар алдағы наурыз айында қайта жанданатын болады. Командирлер министрге тапсырмалары туралы, жауынгерлік мүмкіндіктері, әскери бөлімдердің жасақталуы мен жарақтандырылуы, істердің ағымдағы жағдайы мен туындаған түйткілді мәселелер жайында баяндады.

Генерал-лейтенант Руслан Жақсылыков жауынгерлік даярлықтың оқу-материалдық базасымен, әскери инфрақұрылымның жай-күйімен, әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайымен танысты.

Қорғаныс ведомствосының басшысы ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы бекіткен тапсырмалар шеңберінде жауынгерлік әзірлікті қажетті деңгейде ұстап тұру, сондай-ақ әскери нысандар мен жақын маңдағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге тазарту жұмыстарын жалғастыру кезінде қауіпсіздік шараларын күшейту және қатаң қадағалау жөнінде де тапсырмалар беріліп, тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда екені айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу