ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласының залал келтірілген үйлерін, әлеуметтік нысандарын, инженерлік желілерін салу және жөндеу жұмыстарының барысын тексерді, сондай-ақ қаланы қалпына келтіру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР үкіметінің басшысы әскери қалашықтың тұрғын аймағын қарап, И. Журба атындағы мектепті, қалалық аурухананы, темір жол вокзалын, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, орталық стадионды реконструкциялау жұмыстарының нәтижелерімен танысты.
ҚР премьер-министрі кеңес өткізіп, онда құрылыс-жөндеу жұмыстарының қорытындысы шығарылды.
Қысқа мерзімде Арыс қаласында үлкен ауқымды жұмыс атқарылды. Қаланың 90%, соның ішінде, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдары қалпына келтірілді. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өткізілді. Көшелер ауқымды түрде реконструкцияланды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт объектілері 20 тамызға дейін дайын болады.