Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов зардап шеккен қала инфрақұрылымының астаналық бригадалармен жүргізіліп жатқан жөндеу-құрылыс жұмыстарының барысы туралы айтты, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Елордалық әкімдік 659 нысанды, оның ішінде 600 жеке және 59 көппәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.
Жұмысқа 32 құрылыс компаниясы, 600-ден астам адам мен 23 арнайы техника жұмылдырылды.
"Нысандардың жалпы санынан 36 жеке тұрғын үй мен 7 көппәтерлі тұрғын үй толық қираған. Олар үшін жаңа құрылыс қажет. Барлық нысандар бойынша ақау актілері мен сметалық есептеулер жасалды. Барлық жұмыстарды жүргізуге арналған шығын сомасы 4,7 млрд теңгені құрайды. Шығындардың 50 %-ын үкімет резерві есебінен жабу көзделіп отыр", – деді Нұрлан Нұркенов.
Жалпы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын тамыз айының басында аяқтау көзделіп отыр. Қираған нысандарды бұзу осы аптада аяқталады, одан кейін жаңа үйлерді салу басталады.