Арыстағы жағдайды ретке келтіруге 700 әскери қызметші жұмылдырылған

788

Министр қаланы оқ-дәріден тазарту жұмыстарын тек маманданған әскерилер жүргізе алатынын мәлім етті.

Арыстағы жағдайды ретке келтіруге 700 әскери қызметші жұмылдырылған Фото: inform.kz

Мерзімді әскери қызметшілер Арыс қаласы полигонындағы жұмысқа тартылмайды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Жоғарғы Бас қолбасшының бізге берген тапсырмасы бар. Оқ-дәрілерді тезірек алып шығу мақсатындағы мемлекеттік қажеттілік, Арыс қаласы тұрғындарының талаптары баршылық. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деді Нұрлан Ермекбаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Арыстағы жағдайды ретке келтіру үшін 700 әскери қызметші жұмылдырылған.

"Біз ол жаққа мерзімді әскери қызметшілерді тартпаймыз. Онда біліктілігі жоғары, дайындалған саперлер, инженерлер мен әскери полицейлер ғана барады. Барлығы да – келісімшарт бойынша қызметтегілер", – деді ол.

Сонымен бірге министр қаланы оқ-дәріден тазарту жұмыстарын тек маманданған әскерилер жүргізе алатынын мәлім етті.

"Бұл әлбетте, қауіпті жұмыс. Арыс қаласының тыныштығын сақтап, тапсырманы орындау үшін әскери қызметшілер саналы түрде тәуекелге барып жүр. Әскери қызметшілерден басқа ешкім бұл жұмысты атқара алмайды. Бұл үшін, тағы да айта кетейін, дайындығы мығым әскери мамандар тартылған. Дәл қазіргі уақытта қала тұрғындарына тікелей қауіп жоқ. Қала толығымен тазартылған. Негізгі жұмыс жарылыс болған әскери бөлім аумағында жүргізілуде",– деді ол.

Бұған дейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс маңында жарылыстан қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстарына көңіл айтқан болатын. 

Еске сала кетсек, осыдан үш күн бұрын арнайы жабдықталған полигон аумағында (Арыс қаласынан 60 шақырым жерде) жиналған оқ-дәрі фрагменттерін жою кезінде оқ-дәріге уақытынан бұрын детонация жасалған. Салдарынан топ жетекшісі, әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор А. С. Ақышев қаза тапқан еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу