Арыстағы жарылыс бойынша сот басталды

1110

Өткен жылдың 24 маусымда болған төтенше жағдай бойынша 16 әскери қызметкер сот алдында жауап береді.  

Арыстағы жарылыс бойынша сот басталды

Бүгін Шымкенттегі әскери гарнизон сотында өткен жылдың жазында күллі елді дүрліктірген Арыс оқиғасына қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Айыпталушылардың бір бөлігі сот процесіне Нұр-Сұлтан қаласынан бейнеконференция арқылы қатысты. 

Айта кетейік, бұл істе 16 айыпталушы жауапқа тартылмақ. Оның басым бөлігі – Қорғаныс министрлігі мен елдің оңтүстік өңірінде әскери бөлімшелерде еңбек ететін лауазымды офицерлер. Айыпталушы тарапты 25 адвокат қорғайды. Ал жәбірленушілер саны 1500-ге жуық. 448 томнан тұратын қылмыстық істе айыпталушыларға тағылған айып та әртүрлі. Атап айтқанда, әскери қызметіне салғырттық таныту, оқ-дәрі пайдалану мен оны қолданудағы талаптарды сақтамау, қаруды, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін заттар мен заттарды ұстау ережелерін бұзу, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу және т.б.

Еске салсақ, өткен жылдың маусымында Түркістан облысы Арыс қаласында әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болып, бүкіл қала тұрғындары қауіпсіз аймаққа шығарылды. Жарылыс болғаннан кейін төртінші күні тұрғындар үйлеріне қайтты. Оқыс оқиға салдарынан екі әскери қызметкер мен жергілікті тұрғын қаза тапты. Басынан ауыр жарақат алып, комаға түскен 8 жастағы бала тамыз айында Нұр-Сұлтанда көз жұмды.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу