Арыстағы жарылыс ісі бойынша сот отырысы өтті

1056

Жойқын жарылыс ісі бойынша 16 әскери қызметкер жауапқа тартылып отыр.  

Арыстағы жарылыс ісі бойынша сот отырысы өтті

Шымкенттегі әскери гарнизон сотында былтыр 24 маусымда Арыстағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан шыққан жарылысқа қатысты сот отырысы өтті. 448 томнан тұратын қылмыстық іс бойынша 16 адамға айып тағылды. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігі мен елдің оңтүстік өңіріндегі әскери бөлімшелерде еңбек ететін лауазымды офицерлер бар.

Айыпталушыларға әскери қызметіне салғырттық таныту, оқ-дәрі пайдалану мен оны қолданудағы талаптарды сақтамау, қаруды, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін заттар мен заттарды ұстау ережелерін бұзу, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу деген айыптар тағылды. 

Бұл іс бойынша зардап шегушілер саны 1500-ге жуық. Олардың басым көпшілігі Арыста жарылыс салдарынан кәсібін жоғалтқандар. 

Сот отырысына 204 адам қатысты. Оның 16-сы сотталушы, 19 адвокат, 3 қоғамдық қорғаушы, 5 прокурор мен 165 зардап шеккен адам. 

Шымкенттегі әскери гарнизон сотындағылардың мәліметінше, коронавирус пандемиясына байланысты сот процесіне қатысушылар саны шектелген. 

Еске салсақ, өткен жылдың 24 маусымында Түркістан облысы Арыс қаласында әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс орын алып, қала тұрғындарының барлығы эвакуацияланды. Жарылыс болғаннан кейін, төртінші күні тұрғындар үйлеріне оралды.Оқыс оқиға салдарынан екі әскери қызметкер мен жергілікті тұрғын қаза тапты. Басынан ауыр жарақат алып, комаға түскен 8 жастағы бала елордада аурухана төсегінде көз жұмды.

Жансая Тәуекелқызы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу