Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған салт аттылар теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан Жамантас жайлауына барды, деп хабарлайды Алматы өңірі әкімінің баспасөз қызметі.
Алакөл ауданы Лепсі ауылынан мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы облысы əкімінің орынбасары Жақсылық Омар, "Қазмұнайгаз" АҚ басқарма кеңесінің төрағасы Сауат Мыңбаев, танымал меценат, "Жерсу" корпорациясының басқарма кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов, əлемдік деңгейде мемлекетіміздің туын биікте желбіретіп жүрген атақты спортшыларымыз кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, ММА аралас жекпе-жегінің өкілі Арман Оспанов, 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев сынды азаматтар сəйгүліктерін сайлап, құмай тазыларын ертіп, бүркіттерін қолдарына қондырып, қарияның ақ батасын алып, тау жотасындағы Жамантас жайлауына қарай бет алды.
30 шақты салт атты 4 сағатта 50 шақырым жолды атпен бірде шауып, бірде желіп отырып, тоқтамастан 125 бұрылыстан тұратын Жоңғар Алатауының Солтүстік сілемдерін бойлай, теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан Жамантас жайлауына жетті.
Осы сапарда ЭКО-туризм мен экстремалды туризмді дамыту, Қазақстанның туристерге тартымдылығын арттыру бағытында қолға алынуға тиіс жобалар талқыланды.
Жамантастың жайлауында 10 мыңға жуық түйе, жылқы, асыл тұқымды мүйізді ірі қара мен ұсақ малдың түр-түрі жайылып, жайлаудың қақ ортасына ақшаңқай киіз үй тігіліп, дәстүрлі әндер айтылып, көкпар тартысты.