Арыстанбек Мұхамедиұлы: Ержанның екінші орны да өте жоғары жетістік

840

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ресейлік "Голос. Дети" байқауындағы дауға қатысты пікір білдірді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Ержанның екінші орны да өте жоғары жетістік

Фото Арыстанбек Мұхамедиұлының Facebook-тегі парақшасынан

Бірнеше күн бұрын Ресейдің бірінші арнасының "Голос. Дети" конкурсының суперфиналында Ержан Максим ән шырқап, екінші орын иеленген болатын. Бүгін Ержанды мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат..

Алайда көп өтпей "Голос. Дети" конкурсының қорытындысына байланысты дау туындады. РБК мәліметіне қарағанда, Ресейдің бірінші арнасы әнші Алсу мен банкир Ян Абрамовтың он жасар қызы Микелла Абрамова жеңімпаз деп танылған финалдағы дауыс беру қорытындысына байланысты тексеру жүргізбекші.

Дауыс беру қорытындысы шыққаннан кейін түрлі елдерден көрермендер наразылық білдіріп, қайта есептеуді талап етті. Атақты шоумен Максим Галкин де Инстаграмдағы парақшасына видео жүктеп, өз пікірін білдірді.

Ал бүгін Ержанды қабылдаған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да осы дауға қатысты ойын айтты.

"Әр конкурстың ерекшелігі бар. Егер қазір біз "Конкурс әділетсіз болды. Алсудың қызының дауысы жоқ" деп айта берсек, онда шыны керек, Ресей жағында да біздің отандастарды шақырамыз ба, әлде жоқ па деп келесі жолы ойлануы мүмкін. Сол үшін біз өте мұқият болуымыз керек. Бізде үлкен жетістіктер жетерлік. Әрине, екінші орын емес, Ержанның бірінші орын алғанын бәріміз қалаймыз. Бірақ, бізде басқа да конкурстарға қатысып жатқан қатысушылар бар. Мысалы, вокалдан Салтанат Ахметова Ресейдегі "Большой проект" деген конкурста операдан гран-при алды. Сол секілді, Бахтияр Адамжанов деген биші жігіт жылына екі-үш конкурсқа барып, міндетті түрде гран-при әкеліп жүр. Жақын арада Италиядағы үлкен байқауда әлемнің ең үздік 15 бишісі шақырылды. Сонда Бахтияр тағы да бірінші болды. Сол секілді, Ержанның екінші орны да өте жоғары жетістік", – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу