Арыста 55 мыңнан астам адам 12 тамыздан бастап 100 мың теңгеден алады, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Қызылорда, Жамбыл және Шымкент қаласынан "Халық банкінің" 120 қызметкері Арысқа арнайы келіп жұмыс жүргізуде. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев, ақшаны алудың тәртібін түсіндірді.
"Осы уақытта 33 мың банк карточкасы жасалды. Еліміз егемендігін алғанан бері дәл бұлай, бір айдың ішінде осыншама құжат жиналып, 33 мың карточканы дайындау деген болған емес. Қазіргі таңда дайын болғандары таратылып жатыр. Бірақ әзірге ақша салынған жоқ. Яғни, 100 мың теңгені 12 тамыздан бастап ала алады. Ал қазіргі негізгі жұмыс – карточканы тарату. Демек, барлығы түгел қол жеткізгенде ақшаны түсіреміз. Ең көп 9 секторда 3771 құжат жиналған. Қаланы көше-көшеге бөлдік", – деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Аманбаев.
Елді сабырға шақырған жауапты басшылар, тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап беретін, арнайы комиссия жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Ал тізімге кірмей қалған оқушылар, мектептер арқылы анықталып жатқаны белгілі болды.