"Арзан бағада пәтер әперемін": Жетісуда алаяқ тұрғындарды 10 млн теңгеге алдаған

113

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толық көлемде қанағаттандырылды.

"Арзан бағада пәтер әперемін": Жетісуда алаяқ тұрғындарды 10 млн теңгеге алдаған Фото: gov.kz

Жетісу облысы Ескелді аудандық сотында ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1-бабы 4-тармағы бойынша айыпталған Х.-қа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сот анықтағандай 2023 жылдың күзінде және 2024 жылдың ақпан айында Х., азамат Е. мен П.-ны Талдықорған қаласынан пәтерді төмен бағамен алып беруге болады деп алдап, олардың ақшалай қаражатын иемденген.

Қылмыстық әрекеттердің салдарынан жәбірленуші Е.-ге 6000 000 теңге, ал жәбірленуші П.-ге 4540000 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.

"Сот отырысында сотталушы кінәсін жартылай мойындап, азаматтық талаптарды таныды және рақымшылық туралы заңды қолдануды сұрады.

Алайда сот Х.-тың ақшалай қаражатты алдау жолымен алғанын анықтап, сотталушының уәждерін негізсіз деп таныды. Сондай-ақ оның бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс үшін сотталғаны белгілі болды.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ", – делінген хабарламада.

Сот үкімімен Х.-қа қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейінде, өмір бойына мемлекеттік немесе уәкілетті лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Жазаның мерзіміне бұрынғы үкім бойынша өтелген жаза есепке алынды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу