Арзан баспана алудың бес қадамы жария етілді

937

"7-20-25" бағдарламасы арқылы "Нұрлы жердің" арзан баспанасын сатып алудың 5 оңай қадамы анықталды.

Арзан баспана алудың бес қадамы жария етілді

Ұлттық банк жанындағы "Баспана" ипотекалық ұйымының түсіндіруінше, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының тұрғын үйін "7-20-25" бағдарламасы арқылы сатып алу тәсілі пәтерді жеке құрылыс компанияларынан сатып алу тетігіне ұқсас. Айырмашылығы тұрғын үйдің сатушысы жергілікті әкімдіктер болатыны ғана.

Бірінші қадам ретінде, әкімдіктер пәтер өткізудің басталғаны және "7-20-25" бағдарламасының қатысушылары үшін тұрғын үй саны жеткілікті екені туралы хабарлағаннан кейін, кез келген басында баспанасы жоқ адам әкімдікке өтініш жасап, ұнаған пәтерін брондауы қажет. Сондай-ақ, "7-20-25" бағдарламасына қатысушы банктердің біріне барып, кредит алуға өтініш жазады және барлық қажетті құжаттарды тапсырады. Барлық қажетті құжаттардың банкке тапсырылғаны туралы әкімдікке хабарлау және қажет болған кезде бронды ұзарту қажет.  

Екінші қадам аясында банк қарыз алушының барлық құжаттарының "7-20-25" бағдарламасының талаптарына сәйкес келуін қарайды және ипотекалық кредит беруді мақұлдайды (не мақұлдамайды). Егер ипотека мақұлданса, қарыз алушы банктен кепілдік хатын алып, әкімдікке береді. Әкімдік сатып алу-сату шартын дайындайды.

Үшінші қадамға сәйкес, нотариус сатып алу-сату шартын куәландыруға тиіс. Бұдан кейін банктің шешімі және оның келісуі бойынша қарыз алушы бастапқы жарнаны не банкке, не әкімдіктің шотына енгізеді. Қарыз алушы сатып алу-сату шартын ХҚКО немесе нотариус арқылы тіркейді. Тіркелген сатып алу-сату шартын банкке тапсыру қажет.

Төртінші қадам бойынша өтініш беруші банкте қарыз шартына, төлем жасау кестесіне, сатып алынатын тұрғын үйді кепілге қою шартына қол қояды. Қарыз алушы сатып алынатын тұрғын үйді кепілге қою шартын ХҚКО немесе нотариус арқылы тіркейді. Сатып алынатын тұрғын үйді кепілге қою шарты мемлекеттік тіркелгеннен кейін банк қарыз сомасын әкімдікке аударады.

Бесінші және осы жүгірістегі ең жағымды қадам: азамат жаңа пәтердің кілтін алып, өзінің меншікті тұрғын үйіне көшеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу