Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінің көмегімен аса ауыр қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру мен қарақшылық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматын Әзербайжан Республикасынан экстрадициялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өткен жылдың қазанында күдікті басқа адаммен топ болып, таныс кәсіпкерді кездесуге алдап шығарып, оны есінен танғанша ұрып-соғып, жалпы құны 40 млн теңгеге жуық мүлкін иемденіп, кейін Алматы қаласының сыртына алып шығып, өлтірген", – делінген хабарламада.
Күдіктілердің бірі ізін суытпай ұсталып, ал екіншісі жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.
Биылғы жылдың қаңтар айында ол Әзербайжан аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.
Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар көзделген.