Сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылғандар мен шектелгендердің де саны белгілі болды.
Жыл басынан бері өңірде өткізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар негізінде статистикалық деректер жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі
Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына тапсырма берді.
"Мемлекет басшысы бала өмірі мен құқығын қорғау біздің жалпы ұлттық міндетіміз екенін атап өтті. "Заң және тәртіп" қағидаты қазақстандық қоғамның идеологиялық, саяси нұсқаулығына айналуға тиіс. Жасөспірімдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жай-күйі полиция қызметінің тиімділігінің негізгі индикаторы болып айқындалды. Сондықтан, ювеналды полиция инспекторларына үлкен жауапкершілік жүктелген. Кәмелетке толмағандардың заңға бағынуын қалыптастыру және құқықтық сауаттылығын арттыру үшін басқа мүдделі органдармен және жұртшылықпен бірлесіп, тиісті деңгейде жұмысты жүргізуді тапсырамын", - деді ол.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, облыс көлемінде кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты жасалған қылмыстардың себептері талқыланып отырады.
Жыл басынан ювеналды полиция қызметкерлерімен біршама жұмыс атқарылған. Оның ішінде "Бала-Заң-Қауіпсіздік", "Түнгі қаладағы балалар", "Жасөспірім", "Мектеп", "Маргинал", "Құқықтық тәртіп", "Мен және менің полицейім" және "Абайлаңыз, балалар!" жедел профилактикалық іс-шарасы бар.
Осы жұмыстар нәтижесінде 175 жасөспірім, 119 қолайсыз отбасы есепке алынып, 7 ата-ана сот шешімімен құқығынан айырылса, 6 ата-ана құқығынан шектелген. Сонымен қатар, 7 жасөспірім девианттық интернатқа жолданса, 2 жасөспірім аса ауыр қылмыс жасағаны үшін ерекше режимде ұстайтын мектеп интернатына жатқызылып отыр.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 304 бала орналастырылған. Ішкі істер органдарына құқықбұзушылық жасағаны үшін 7427 әкімшілік хаттама рәсімделсе, түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүрген 5663 кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.