Шетел аспақ болған Ақтау әкімінің экс-орынбасары Шымкентте қамауға алынды

166

Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелегені үшін күдікке ілінген. 

Шетел аспақ болған Ақтау әкімінің экс-орынбасары Шымкентте қамауға алынды Фото: qamqor.gov.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, іздеуде болған Садвақасов Т.Х.-ны Қазақстан Республикасының аумағына жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2023 жылғы шілде айында Садвақасов Т.Х. мен адвокат Құрманбаев С.Н. өздерінің қызметтік байланыстарын пайдаланып, Долгалев В.И.-дің іскерлік серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастау мәселесін шешуді ұсынған.

Аталған мәселені шешу үшін Садвақасов Т.Х. мен Құрманбаев С.Н.-ға заңсыз сыйақы ретінде 225 млн теңге беру жөнінде келісім жасалған.

Алайда, күдіктілер параның алғашқы бөлігі – 90 млн теңгені алғаннан кейін бұл қаражатты өз пайдасына жаратқан және өз міндеттемелерін орындамаған.

Кейін Садвақасов Т.Х. қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, соттан жасырынған.

Ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, Өзбекстан Республикасының Шекара қызметі тарапынан ұсталған. Соған байланысты оған қатысты шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғалған.

2025 жылғы 25 ақпанда Түркістан облысындағы "Қапланбек" шекара бақылау-өткізу пунктінде ол Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлеріне тапсырылып, кейін Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.

Жақын арада ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына жеткізіледі.

Аталған іс Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қарастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу